Достық әлемді шарлайды
22 шілде күні Шахан кентіндегі №8 кітапхана-филиалында «Достық әлемді шарлайды» атты Достар күні өтті. Іс-шара барысында балалар Халықаралық достар күні мерекесінің тарихымен танысып, шынайы достықтың мәні мен бір-біріне көмектесудің маңыздылығы туралы әңгімелесті. Қатысушылар «Жылы сөздер», «Тату команда», «Досыңа комплимент» ойындарына белсене қатысып, «Кітаптағы достар» әдеби викторинасында тапқырлықтарын көрсетті. Сонымен қатар достық туралы мақал-мәтелдерді еске түсірді. «Достық ағашы» атты шығармашылық тапсырма ерекше қызығушылық тудырды. Онда әрбір қатысушы шынайы достың қасиеттері мен ақ тілектерін жазды. Күні бойы балалар достық туралы мультфильмдерді тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Іс-шара соңында кітапханашы балаларды достық, өзара көмек пен мейірімділік туралы кітаптармен таныстырды. Кездесу қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, достықтың әр адамның өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі екенін тағы бір мәрте еске салды.