«Кітап оқы, жарқын өмір сүр!»

07.11.2026 11:05 Администратор библиотеки
«Кітап оқы, жарқын өмір сүр!»

Шахан кентіндегі №8 кітапхана-филиалында жастар арасында кітап оқуды насихаттау және кітапхана ресурстарымен таныстыру мақсатында «Кітап оқы, жарқын өмір сүр!» атты ақпарат күні өткізілді. Жас оқырмандар үшін кітапханаға танымдық экскурсиялар өткізілді. Қонақтар кітапхана бөлімдерімен, кітап қорымен, оқырмандарға ұсынылатын қызмет түрлерімен танысып, кітапхананың мүмкіндіктері туралы мағлұмат алды. Іс-шара аясында «Жаңа кітаптармен танысыңыз» атты әдеби шолу және «Әдеби жаңалықтар» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге түрлі жанрдағы жаңа басылымдар қойылды. Кітапханашы қызықты кітаптарға шолу жасап, жас оқырмандарды заманауи әдебиеттің тың туындыларымен танысуға шақырды. Сонымен қатар қатысушылар «Шахтинск ОКЖ» КММ-нің ресми сайтымен танысты. Кітапханашы сайттың мүмкіндіктері мен электрондық ресурстары туралы айтып, қажетті ақпаратты іздеу және кітапхана жаңалықтарынан хабардар болу жолдарын түсіндірді. Бағдарлама «Білім әлемі» атты зияткерлік викторинамен жалғасты. Қатысушылар білімдерін сынап, танымал жазушылар мен әдеби кейіпкерлер туралы сұрақтарға жауап беріп, тапқырлықтары мен зеректіктерін танытты. Іс-шара кітапхананың тек кітап оқитын орын ғана емес, сонымен қатар білім алуға, жаңа дүниелерді тануға, пікір алмасуға және рухани дамуға жол ашатын маңызды мәдени орта екенін көрсетті.

МАҢЫЗДЫ СІЛТЕМЕЛЕР