Барлық балаларға бейбіт өмір болсын

02.06.2026 14:30 Администратор библиотеки
Барлық балаларға бейбіт өмір болсын

1 маусым күні Шахан кентінің №8 кітапхана-филиалында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Барлық балаларға бейбіт өмір болсын!» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекенің қадірлі қонақтары «Березка» балабақшасының тәрбиеленушілері болды. Кітапхана қызметкерлері бүлдіршіндерді мерекемен шын жүректен құттықтап, Халықаралық балаларды қорғау күнінің шығу тарихы мен қалыптасқан игі дәстүрлері жайында қызықты мағлұматтармен бөлісті. Іс-шараның ерекше сәнін Нұрғиса Тілендиев атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама келтірді. Жас музыканттар мен өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйлады. Концерттен кейін балалар ертегілер әлеміне саяхат жасап, сүйікті кейіпкерлерімен қауышты. Бүлдіршіндер танымдық ойындар мен қызықты викториналарға белсене қатысып, өздерінің зеректігі мен тапқырлықтарын көрсетті. «Ертегі кейіпкерін тап», «Жақсы мен жаман», «Иә немесе жоқ», «Сөзді жалғастыр» атты ойындар балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Мерекелік бағдарлама соңында балалар «Алма толы қап» (1974 ж., режиссер В. Бордзиловский) мультфильмін тамашалады. Бұл туынды кішкентай көрермендерге достықтың, қайырымдылықтың және өзара көмектің маңызын тағы бір мәрте еске салды. Шара көтеріңкі көңіл күйде өтіп, балаларға шаттық пен қуаныш сыйлады. Жаздың алғашқы күнінде ұйымдастырылған мереке бүлдіршіндердің жадында жарқын әрі жылы естелік болып қалды.

МАҢЫЗДЫ СІЛТЕМЕЛЕР