Оқитын мектеп
21 мамыр күні Шахан кентіндегі №8 кітапхана-филиалы «Оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында №2 ЖББМ-нің 8 «Б» сынып оқушыларына «Оқитын мектеп» атты ақпарат сағатын өткізді. Кітапханашы оқушыларға кітаптың адам өміріндегі маңызы, оқудың дүниетанымды кеңейтудегі, ойлау қабілетін дамытудағы және сауатты сөйлеуді қалыптастырудағы рөлі туралы айтып берді. Оқушылар Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қолдауға бағытталған «Оқитын ұлт» жобасының тарихымен танысты. Кітапхана қызметкерлері 8-сынып оқушыларына ұсынылған әдебиеттер тізімі бойынша кітаптарға шолу дайындады. Шолуда қазақстандық және шетелдік жазушылардың шығармалары, достық, адамгершілік, патриотизм және қазіргі жасөспірімдер өмірі туралы кітаптар ұсынылды. Оқырмандар Шыңғыс Айтматов «Ақ кеме», Ілияс Есенберлин «Көшпенділер», Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя», Сайын Мұратбеков «Жусан иісі», Даниэль Дефо «Робинзон Крузо», Джонатан Свифт «Гулливердің саяхаты», Джон Толкин «Сақиналар әміршісі» және басқа да шығармалармен танысты. «Оқитын ұлт» жобасына қатысқан оқушылар өздері оқыған шығармалар туралы айтып, алған әсерлерімен бөлісіп, кітаптарды сыныптастарына оқуға ұсынды. Кездесу соңында кітапханашылар оқушыларға кітап оқуға деген қызығушылықтарын жоғалтпай, кітапханаға жиі келіп, жаңа әдеби шығармаларды танып-білуге тілек білдірді.