Жазушының жарқын жұлдызы
5 наурыз күні Шахан кентіндегі №8 кітапхана-филиалында №2 ЖББМ 8-сынып оқушыларына арналған қазақ әдебиетінің классигі Қабдеш Жұмаділовтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Жазушының жарқын жұлдызы» атты әдеби бенефис өтті. Іс-шара республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырылды. Шара барысында оқушылар жазушының күрделі де тағылымды өмір жолымен танысты. Олар жазушының Қытайдағы Тарбағатай өңірінде өткен балалық шағынан бастап, тарихи Отаны – Қазақстанға оралуына дейінгі тағдыры туралы қызықты деректер білді. Кездесу барысында биыл жалпы халықтық оқуға ұсынылған Тағдыр романына ерекше назар аударылды. Кітапханашының әңгімесін «Қабдеш Жұмаділов» атты бейнеролик толықтырды. Ал «Туған даланың үні» атты әдебиеттерге шолу оқушыларға жазушы шығармашылығының атмосферасын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар оқушылардың назары «Шахтинск ОКЖ» КММ сайтына аударылды. Онда көрнекті жазушы туралы кеңінен ақпарат алуға болады. Кездесу соңында оқушыларға қазақ халқының шынайы тарихы мен рухы бейнеленген Қабдеш Жұмаділов шығармаларын оқуға кеңес берілді.