Ермек Серкебаевтің әсем үні
10 шілде күні Шахан кентіндегі №8 кітапхана-филиалының қызметкерлері Шахтинск қаласының «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ тұрғындары үшін қазақтың ұлы опера әншісі, КСРО халық әртісі Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаевтың мерейтойына арналған «Ермек Серкебаевтің әсем үні» атты еске алу кешін өткізді. Кездесу барысында қатысушылар атақты әншінің өмір жолы мен шығармашылық мұрасымен танысты. Ермек Серкебаевтың қазақ опера өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі, сахнадағы жарқын бейнелері және өнердегі жетістіктері туралы қызықты мәліметтер айтылды. Шара барысында әншінің шығармашылығына арналған бейнематериалдар көрсетіліп, оның орындауындағы танымал музыкалық шығармалар тыңдалды. Күміс көмей әншінің қайталанбас дауысы мен жоғары орындаушылық шеберлігі тыңдармандарға ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар Ермек Серкебаевтың өнері қазақ мәдениетінің алтын қорына енгенін атап өтіп, ұлы тұлғаның шығармашылығы кейінгі ұрпақ үшін рухани мұра болып қала беретінін айтты. Кеш соңында қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, осындай тағылымды кездесулер ұлттық өнерді насихаттауға, мәдени құндылықтарды сақтауға және өнер майталмандарына деген құрметті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.