Қазақстан жазушылары – балаларға: Қазақстанның ұлы ағартушысы
№ 1 кітапхана-филиалының қызметкері көрнекті қазақ ағартушысы, педагог, жазушы, этнограф, фольклортанушы және қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің (1841–1889) туғанына 185 жыл толуына орай «Қазақстан жазушылары – балаларға: Қазақстанның ұлы ағартушысы» атты әдеби досье дайындады. Бейнематериалда кітапханашы бар ғұмырын туған халқын ағартуға, елде білім беру ісін дамытуға арнаған тұлғаның өмірі мен шығармашылығымен таныстырады.
Ыбырай Алтынсарин халық ағарту ісінің дамуына, мектептердің ашылуына және білімнің кеңінен таралуына өлшеусіз үлес қосты. Жазушы өз шығармаларында ізгілік, адалдық, еңбекқорлық, мейірімділік пен білімге ұмтылу сияқты маңызды тақырыптарды арқау етті. Бейнематериалдан ағартушының өмірбаянына қатысты қызықты деректерді біліп, оның педагогикалық қызметі мен әдеби мұрасымен, сондай-ақ «Кел, балалар, оқылық!», «Әке мен бала», «Таза бұлақ» атты танымал шығармаларымен таныса аласыздар.
Ыбырай Алтынсариннің шығармалары бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Олар жас ұрпақты адалдыққа, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, үлкенді құрметтеуге, білімді бағалауға және пайдалы еңбек етуге тәрбиелейді. Әдеби досьеде кітапханамыздың қорындағы Ыбырай Алтынсариннің кітаптары да таныстырылған.
Сіздерді Ыбырай Алтынсариннің бай әдеби мұрасымен танысуға және бүгінгі күнге дейін тәрбиелік мәнін жоғалтпаған, жас оқырмандарды ізгілікке, білімге және жаңалыққа ұмтылуға жетелейтін шығармаларын оқуға шақырамыз!