Сөздіктер мен энциклопедиялар — әліпби тәртібіндегі ғалам
Компьютер пайда болғаннан кейін қажетті ақпаратты іздеу жеңілдегендей көрінеді. Алайда, өкінішке қарай, тек интернет ресурстарын пайдалану барысында көптеген сенімсіз әрі тексерілмеген деректерге кезігуге болады. Ал ақпараттың әрдайым дәл әрі сенімді көзі — кітап екеніне оқушылардың көзін жеткізу мақсатында Долинка кентіндегі №11 кітапхана-филиалының қызметкері №4 ЖББМ-нің 4 «Б» сынып оқушыларына арналған «Сөздіктер мен энциклопедиялар — әліпби тәртібіндегі ғалам» атты кітапханалық сабақ өткізді. Іс-шара барысында кітапханашы оқушыларды кітапхана қорында бар сөздіктер мен энциклопедиялардың алуан түрімен таныстырып, олардың мақсат-міндетін түсіндіріп, қалай дұрыс пайдалану керектігін көрсетті. Сабақ кезінде оқушылар белсенді түрде сұрақтарға жауап беріп, презентацияны қызығушылықпен тамашалады. Ойын түрінде орфографиялық сөздік көмегімен сөздердегі қателерді түзеп, көнерген сөздердің мағынасын түсіндірді, фразеологиялық сөздіктен қанатты сөздердің мәнін зор ықыласпен іздеді. Іс-шара соңында кітапханашы сөздікке күнделікті жүгінудің сөздік қорды молайтудың, тіл байлығын арттырудың және білімді толықтырудың ең қолжетімді жолы екенін тағы бір мәрте еске салды.