Карлаг тарихы

Қарағанды ЕТЛ (еңбекпен түзеу лагері) 1931 жылғы 17 қыркүйекте «Гигант» совхозы жанындағы ЕТЛ базасында құрылды. Лагерь басқармасы Қазақ КСР-інің Долинское ауылында орналасқан (қазіргі кезде — Долинка кенті, Қарағанды қаласынан 45 шақырым жерде). Карлаг 1959 жылғы 27 шілдеге дейін жұмыс істеді, осы күннен кейін Қарағанды облысы ІІМ басқармасының Жергілікті бас бостандығынан айыру орындары басқармасына (УМЗ) қайта ұйымдастырылды.

Карлаг қарапайым лагерь ғана емес, өз әскери құрылымдары, телеграф желілері, теміржол станциялары мен баспаханалары бар, «мемлекет ішіндегі мемлекет» сипатындағы ірі жүйе болды. Ол тікелей Мәскеу қаласындағы Еңбекпен түзету лагерьлерінің Бас басқармасына бағынды. 1931 жылы Қарағанды лагері 14 бөлім мен 64 учаскеден тұрса, 1941 жылы олардың саны 220 бөлімге және 159 учаскеге жетті. Ал 1953 жылы лагерь құрамында 26 бөлім және 192 лагерьлік пункт қызмет атқарды. Карлаг тұтқындарының еңбегімен Орталық Қазақстанның өндірістік әлеуеті қалыптасты. Соның ішінде Қарағанды көмір алабы, Жезқазған және Балқаш мыс балқыту комбинаттары салынды.

Сонымен қатар Карлагтың жетекші саласы мал шаруашылығы болды. Оның аумағында 106 мал шаруашылығы фермасы, 7 көкөніс өсіретін және 10 егістік учаске орналасқан. 1940 жылы Карлаг шаруашылығында 17 710 бас ірі қара, 193 158 бас қой, 5 814 бас жылқы, 567 бас шошқа және 3 729 жұмысқа пайдаланылатын өгіз болды. Бұдан бөлек, лагерьде өнеркәсіптік өндіріс те дамыды: металл өңдеу, ағаш өңдеу, тігін өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, сондай-ақ шыны зауытындағы жұмыстар жүргізілді. Тұтқындардың күшімен ет комбинаты мен өнеркәсіп комбинаты, шыны және қант зауыттары, жөндеу зауыты мен шеберханалар, май шайқау цехы, диірмендер, көкөніс қоймалары және басқа да нысандар салынды. Лагерь тұтқындары үшін жұмыс ешқашан тоқтаған емес: жылдың жылы мезгілінде олар ауыл шаруашылығымен айналысса, суық кезеңде зауыттар мен фабрикаларда еңбек етті.

Лагерьде өз прокуратурасы, лагерьлік соты және түрмесі болды. Сонымен қатар тұтқындар арасынан кадрлар даярлау үшін ірі оқу комбинаты жұмыс істеді. Лагерь контингентінің 50 пайызға жуығын контрреволюциялық баптар бойынша сотталған саяси тұтқындар құрады. Карлагта өмір сүруге қажетті жағдайлар іс жүзінде қарастырылмады. Тұтқындар орналастырылған барактар суық әрі жылытылмаған еді. Киім-кешек ауа райына сай болмай, өте жұқа болды. Ауырған адамдарға медициналық тексеру жүргізілмей, ауруханаға көбіне халдері тым нашарлаған кезде ғана жеткізілетін, кейде мүлде жеткізілмей қалатын. Тұтқындарға күніне бір рет 450 грамм нан, баланда және сұйық ботқа берілді, ал айына бір мәрте 430 грамм қант таратылды. Азық-түлік мөлшерінің артуы белгіленген еңбек нормаларын орындауға байланысты болды. Бұл нормалар Карлагта тым жоғары қойылды және ауыл шаруашылығы жылының белгілі кезеңдеріндегі жұмыстардың маңыздылығына қарай белгіленді. Ал норманы орындамағандардың азық пайкасы қысқартылды.

Репрессияға ұшырағандардың ең көп бөлігі соғыс және соғыстан кейінгі жылдарға тұспа-тұс келді. Бұл кезеңде лагерьге жер аударылған халықтар, әскери тұтқындар, сондай-ақ фашистік тұтқында болған кеңес сарбаздары мен офицерлері жіберілді. Архив деректеріне сәйкес, Карлагта ұсталған тұтқындардың ең жоғары саны 1949 жылғы қаңтар айында тіркеліп, 65 673 адамды құрады. Ал лагерьдің 28 жылдық өмір сүру кезеңінде одан бір миллионнан астам адам өтіп, олардың жүз мыңдағаны қаза тапты.

КСРО Ішкі істер министрлігінің 1959 жылғы 27 шілдедегі № 0298 бұйрығымен Қарағанды еңбекпен түзету лагері Қарағанды облысы бойынша Ішкі істер министрлігінің Бас бостандығынан айыру орындары басқармасына қайта құрылды.

МАҢЫЗДЫ СІЛТЕМЕЛЕР