
Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі 2001 жылы ашылған. Музей Карлагтың бұрынғы басқарма ғимаратында орналасқан, ол 1933–1935 жылдары мыңдаған тұтқындардың күшімен салынған. Ғимараттың жалпы аумағы – 3326,6 шаршы метр.
Көрермендерге екі қабатқа жайылған 20 экспозициялық зал ұсынылған: «Қазақстандағы аштық», «Карлагтың қалыптасу тарихы», «Карлагтың шаруашылық қызметі», «Әйелдер мен балалар», «Халықтардың жер аударуы» және басқа да бөлімдер. Музейдің тұрақты экспозициясында саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты архивтік құжаттар, хаттар, фотосуреттер, Карлаг тұтқындарының жеке істері, сондай-ақ экспедициялардан табылған еңбек құралдары мен тұрмыстық заттар көрсетілген. Коллекцияға лагерь тұтқындарының қолымен жасалған өнер туындылары да кіреді.
Музей қызметкерлері Карлагтың бұрынғы тұтқындары мен репрессия құрбандарының ұрпақтарымен кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар сияқты шараларды ұйымдастырады. Саяси репрессия және аштық құрбандарын еске алу күндерінде митингтер мен конференциялар өткізіледі, мектеп оқушылары мен студенттер үшін практикалық сабақтар ұйымдастырылады. Келушілерді көптеп жинайтын шаралардың бірі – Халықаралық музей күніне арналған «Музейдегі түн». Бұл күні, 18 мамырда, кешкі уақытта театрландырылған экскурсиялар өтеді, экспозициялық залдарда Карлаг тұтқындарының өмірінен көріністер «өмірге келеді». Жыл бойына музей қорлары мен жеке коллекциялардан әкелінген заттарды көрсететін уақытша көрмелер жұмыс істейді.
Музей қорында шамамен 15 000 экспонат бар, оның 6 000-нан астамы тарихи құндылығы бар шынайы заттар болып саналады. Музейдің негізгі қорын бай әрі әртүрлі материалдар құрайды. Фотосуреттер мен құжаттар экспозицияларда және қорларда ерекше орын алады, өйткені олар еңбекпен түзету лагерлерінің бар екенін нақты дәлелдейді және солар арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Ерекше құндылыққа ие коллекциялар қатарында 1931 жылғы «Путёвка» газеті, 1932 жылғы «Gana Gol» газеті (қазақ тілінде, латын әріптерімен), сондай-ақ тұтқынның жеке күнделігі бар. Музей қызметкерлері жылдар бойы жинаған ту, плакат, Кеңес одағының басшыларының бюстері және басқа да кеңестік атрибутика қазір музейдің негізгі, ең құнды коллекцияларын құрайды.
Сонымен қатар музей қорында депортацияланған суретшілер Реченский П.И., Андреюк Л.П., Гамбургер Л.Э. шығармаларының сирек кездесетін туындылары, 1920–30 жылдардағы қазақ халқының тұрмыстық заттары, бұрынғы тұтқындардың қолымен тігілген оюлы орамалдар мен кестелер, сол кездегі музыкалық аспаптар, тұтқындар жасаған жөндеу-механикалық зауыттағы бұйымдар, депортацияланған халықтардың жеке заттары және басқа да көптеген бірегей экспонаттар сақталған. Жыл сайын музейге келушілер саны артып келеді, олардың қатарында Қазақстан азаматтары ғана емес, жақын және алыс шетелдердің азаматтары да бар.
медиа галереясы










