Теңге – Тәуелсіздіктің символы
Теңге күні қарсаңында Шахан кентіндегі №8 кітапхана-филиалының қызметкерлері №2 ЖББМ 5-сынып оқушыларына «Теңге – Тәуелсіздіктің символы» атты тарихи танымдық экскурсия өткізді. Іс-шара Қазақстанның ұлттық валютасының қалыптасу тарихына арналды. Теңге – еліміздің егемендігін айқындайтын маңызды символдардың бірі. Оқушыларға теңгенің шығу тарихы, оның дамуы және халықаралық деңгейде мойындалуы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Білім алушылар қазақстандық монеталар мен банкноттардың жоғары сапасы, бірегей дизайны мен жаңа технологиялық шешімдері үшін алған беделді әлемдік марапаттары жайлы қызықты деректер тыңдады. Балалар банкноттардағы елдің бай мәдени мұрасын көрсететін элементтерді зерттеп, олардың қандай егемендік символдарын жеткізетінін талқылады. «Теңге — тарихымыздың бір бөлігі» атты әдебиеттер көрмесінде Қазақстандағы ұлттық валютаның қалыптасуына арналған кітаптар мен материалдар ұсынылды. Іс-шара барысында оқушылар «Қазақстанның ұлттық валютасы», «Ғажайып ақша», «Ақша туралы мақал-мәтелдер», «Жұмбақтар», «Иә және жоқ» атты танымдық викториналарға қатысты. Өткізілген экскурсия оқушыларға теңгенің ұлттық валюта ғана емес, елдің мақтанышы әрі экономикалық дербестіктің маңызды символы екенін терең түсінуге мүмкіндік берді.