«Абай – ұлы тұлға» атты мәнерлеп оқу фестивалі
2025 жылдың 8 тамызында Шахтинск қаласындағы Абай ескерткіші алаңында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай – ұлы тұлға» атты мәнерлеп оқу фестивалі өтті. Іс-шараны қалалық кітапхана ұйымдастырып, түрлі жастағы қатысушылар мен қонақтарды бір шаңырақ астына жинады. Фестиваль барысында 10 жастан 69 жасқа дейінгі қатысушылар Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Шығармашылық қойылымдар ақынның өмірі мен мұрасы туралы қысқаша әңгімелермен сүйемелденді, сондай-ақ Абай өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Қонақтар назарына Абай шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұсынылып, «Білім лототроны» атты әдеби викторина өткізілді. Бұл бөлім көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық туғызды.
Фестиваль жылы, шабытты атмосферада өтті. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Іс-шара Абай мұрасының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халықты біріктіретін рухани күш екенін айқын көрсетті.