Дәнеш Ахметұлы есімі өз оқырмандарына бұрыннан таныс. Оның бұған дейін балаларға арналған «Адал ас», «Нан мен тұз», «Ұшатын сандықша», «Дәнеш ағайдың ертегілері», «Робот және алты асық», «Бүлдірген қалың шыққан жыл», «Көк тудың желбірегені» т.б. кітаптары жарық көрген. «Ақдидар» хикаяты үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған халықаралық «Дарабоз» әдеби жабық бәйгесінде лауреаттар қатарынан орын алған. Жазған көркем дүниелері түрлі әдеби басылымдарда үзбей жарық көріп келеді.
«Үкілі домбыра» жазушының кейінгі кездегі шығармашылық ізденісінің жемісі. Жазушы жинақтың хикаяттарға арналған бөлімінде, негізінен алғанда адам мен қоршаған орта, адамдардың жан-жануарларға деген кіршіксіз сүйіспеншілігін риясыз сөз етеді.
Ертегілердің тақырыбы да, оқиғасы да алуан түрлі. Қай ертегіні алып қарасақта бала жанына әсер ететін ізгілік, адами асыл қасиеттер, кішіпейілділік пен сыйластық секілді өміршең жайттарды кездестіруге болады. Шығарманың тілі жеңіл, оқиғасы қызғылықты.
Жинақ кітап сүйер қалың оқырман қауымға арналған.
Ахметұлы Д. Үкілі домбыра: хикаяттар, ертегілер. – Алматы: Sardar G, 2024. – 304 б.
Санаты: көркем әдебиет
Жыл: 2024
Сақтау орны: аб, ф1, ф2, ф8, ф11