Для слабовидящих
Wap версия сайта

КГУ "Шахтинская централизованная библиотечная система"

    Последнее обновление: 24 Апреля 2018 13:06, Просмотров (9609), Печать

    Талпақтың Ахметжаны: әдеби мұрасы

     

    Бұқар жыраудың айтқанындай:

    Дүниеде не өлмейді,

    Жақсының аты өлмейді,

    Ғалымның хаты өлмейді, –

    демекші қандай қиын кезеңдерден жоғалмай, жойылмай есімінің ұмытылмай ел ауызында сақталып келуі, әрі саналы, әрі шешен, әрі көсем бар ғұмырын елінің игілігіне арнаған азамат болғандығын айғақтайды. Көне көз, кәрі құлақты қариялардан «Ахметжан туралы не айта аласыз?» деп сұрағанда: «Би Ахметжан ба?», «Болыс Ахметжан ба?», «Ахметжан шешен бе?» деп нақтылай бастайды. Адамның ел алдындағы беделін, құрметін айқындайтын осы сөздердің барлығы бір ғана тұлғаға – Талпақтың Ахметжанына бағытталып тұр. Өзге мәселелерге соңыра тоқталармыз, бірақ, дәл осы жерде бір орынды сұрақтың оқырман ойына оралары сөзсіз. Ол: «Талпақтың Ахметжаны 1866 жылы туған деген дерек қалай және қайдан алынған?» деген мәселе. Тағы да ел ауызында сақталып жеткен бір әңгімеге назар аударуға тура келеді.

    Қазақ халқының танымалы қайраткерлерінің бірі, ел бірлігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс жүргізген Ақбайдың Жақыбы, қазан төңкерісіне дейінгі және кейінгі кезеңдерде да қуғын-сүргін көрді.

    Қызы Аргуния әкесі туралы естелігінде былай дейді: «Әкем 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатына келіп оқуға кіреді. 1889 жылы Омбы қаласындағы гимназияда оқып, оны бітірді. Содан кейін, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. 1903 жылы осы факультетті алтын медальмен тамамдап, оқудағы алғырлығы мен ерекше қабылеті үшін университет советі оған заң магистры деген ғылыми атақ береді». Сонымен, екі жылдай ғана еркіндік көрген, нақтырақ айтқанда, шаңырақ көтеруге ғана үлгерген Жақып Ақбаев 1905 жылдан бастап, отыз жылға жуық уақыт бойына қуғын-сүргінге түседі. Бар кінасы – әділдіктің жаршысы болғаны. «1931 жылы Мұратты да алып кетті. Одан көп уақыт өтпей шешемді де қамап қойды. Төрт бала, үлкені мен, үйде жалғыз қалдық. Бірнеше күн бір бұрышқа тығылып жылап отырғанымыз есімде. Туысқандарымыз да жоқ емес. Бірақ, есік ашпайды, өйткені, «халық жауының» балаларына қамқорлық жасады деген аттан қорқады. Осы бір кез менің денсаулығыма үлкен зиян келтірді. Бірер айдың шамасында шешем де, Мұрат та босанып шықты. Сол кезде, түрмеде отырған әкемнен «Қазақстаннан басқа жаққа көшіңдер» деген хабар келді. Сөйтіп, біз жазда Қарақалпақстанның Төрткөл деген қаласына көштік» дейді Аргуния. Міне, осындай елім деп еңіреген азаматтың жақын досы, тығыз қарым-қатынаста болған Ахметжан да, халықтың қамқоршысы болған адам еді. Ел ішіндегі әңгімеде екі қайраткердің достығының себебін құрдастығына саяды. Ақиқатында, тарихи құжаттар бойынша Ақбайдың Жақыбы да 1866 жылы туған. Бірақ, біздің пайымдауымызша ынтымақтастық олардың құрдастығында ғана емес, мақсат пен мүдденің бірлігінде. Қос тұлға да халықтың қамын ойлаған азаматтар болғандығында.

    Көне көз қариялардың айтуынша төңкерістен кейінгі келесі жылы, осы негізге сүйене отырып айтқан біздің пікіріміз бойынша 1918 жылы ақтардың елу солдаты Жуанқоңыр деген таудың бауырында жолаушы келе жатқан үш салт аттыны қолға түсіреді. Үшеудің бірінің Ақбайдың Жақыбы екенін біліп қойған әскербасы оны ұстап қалады да, екеуін қоя береді. Бірақ аттары болдырған ақтар екі күн тынығу үшін сол жерде аялдап қалады. Ал, босаған екеуі бірден Талпақтың Ахметжанына келеді.

    - Аға, біз ақтарға кездесіп қалдық. Жақып ағаны ұстап қалды да, бізді босатты. Оны атаманға апарамыз, жауапқа тартады дейді, не істейміз? – деп налиды. Ахметжан болса жүз құр атты алдына салғызып, бір ту биені жетекке алғызып, бірнеше жігітпен ақтарға келеді. Келген бетінде биені сойғызып, астырып, оларды тамақтандырып, жүз атты сыйға тартады. Әбден риза болған әскербасы:

    - Мына құрметіңе мен разымын, қандай қалауың бар? – дегенде Ахметжан:

    - Бойына талап қонған иісі қазағыма қанат болған, Арқаның бір асылын абақтыға жаптырмақ ойың бар екен. Раыңнан қайт, шешіміңді айт, келісіп жолыңды бер, келісімге қолыңды бер. Қайтесіңдер асыл текті, сендердің де замандарың өтті, судың да сұрауы бар деген, ойланыңдар! – деп нығыздай айтады. Әскербасы келісіп, Ақбайдың Жақыбын босатады. Ауылға келіп, тай сойдырып, ет астарып, Ахметжанның үйіне «Сәлем береміз» деп, «Әңгіме тыңдаймыз» деп ел жинасады. Ет піскенше біраз әңгіме де айтылады. Әңгіме айтып отырып Жақып мырза әрегідік басын шайқап-шайқап қояды екен. Байқап отырған бір адам сұрақ қойыпты:

    - Бағанадан бірі көріп отырмын, сіз әңгіме айтқанда басыңызды неге шайқай бердіңіз?

    Сонда Ақбайдың Жақыбы:

    - Бүгін Ахаң үлкен іс қылды, сөзі өтіп, тілі жетіп, мені құтқарды. Әй, Талпақ-ай! Әй, Талпақ-ай! Ахметжанды оқытпадың, ойына білім тоқытпадың, сондағы ісі мынадай! Егер оқыған болса, ойына білім тоқыған болса, дұшпанды табанына салып иілер еді, иісі қазақты билер еді, - депті. Мұны естіген Ахметжан:

    - Иә, бүгін бір үлкен іс қылдым, хабар жетіп ақтардың әскеріне бардым, бастығына қолға салдым, сөзім өтіп, тілім жетіп, Жақаңды босатып алдым. Әй, Ақбай-ай! Әй, Ақбай-ай! Заманның ағымына ердің, Жақыпты орыстың оқуына бердің, оқысын деп еңбек еткіздің, не мұратқа жеткіздің? Иісі қазаққа ғана емес, орысқа да танылды бірақ олардан да дұшпан көздер табылды, жала жабылды, қуғын көрді, сүргін көрді! Егер оқытпасаң, әрі барса иісі Арғын ғана білер еді, мен сияқты ел ішінде қуғын көрмей жүрер еді! – депті. Көп ішінде отырған Қосыбай баласы Алтынбек:

    - Саудадан бөз қалады, шешеннен сөз қалады, бұл құрдастардың қалжыңы ғой, - деген екен.

    Енді біз осы айтылған әңгімеге талдау жасап көрелік. Алдымен деректерге жүгінейік.

    Тарихтағы үлкен тұлға Ақбайдың Жақыбын оқырманға таныстыру біздің ойымызша міндетті емес. Өйткені ол қазақ халқына еңбегі сіңген қайраткер, танымалы азамат. Ал, «Алты Алаштың ардағы» деген айдармен Қайырбек Садуақасовтың жарыққа шығарған «Жақып Ақбаев» деген еңбегінде: «Есімі алты алашқа Мәшһүр болған Жақып мырза Ақбаев 1876 жылғы (1866 жыл болуы керек, баспада басылу барысында жаңсақ кеткен тәрізді М.А.) 7 қарашада кезіндегі Қарқаралы округы, Берікқара болысындағы Төңіректас, немесе қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданындағы «Еңбек» совхозы орналасқан аймақтағы Ақбай қыстағында дүниеге келген» деп жазады. Бұл мұрағат дерегі, тарихы шындық. Егер жаңағы ел ішінде айтылып жүрген әңгімені негіз етіп, Ахметжанды Ақбайдың Жақыбымен құрдас деп қарастырсақ, онда олда 1866 жылы туған болып шығады. Екіншіден, әңгіменің мазмұны өзгеріске ұшыраған, өңделген деуге негіз жоқ. Себебі ол бірнеше ғасырларды басынан өткерген, талай өнерпаздардың елегінен өткен «Қобыланды батырдың» жыры емес. Үшіншіден, әңгіменің өзегінде ақиқаттың жатқандығын тағы да Қ. Садуақасовтың еңбегінен аңғарамыз. Онда: «Қазан төңкерісінен кейін де Ж. Ақбаевтың жағдайы күрт өзгере қоймайды. 1918 жылы ақ қазақтардың ату жазасынан кездейсоқ аман қалған Жақаң Алашорданың белсенгері, ұлтшыл деген айыптан кеңес орындары да байып тапқызбайды» деп көрсеткен. Яғни, осы жолғы құтқарушы Талпақтың  Ахметжаны болуы әбден мүмкін.

    Енді шешендік сөздерге назар салып көрелік. «Бойына талап қонған, иісі қазағыма қанат болған, Арқаның асылы». Бұл Ахметжанның Жақыпқа берген бағасы. Сыртқы сұлулығы ырғаққа сәйкес тербеліп тұр. Ал, ішкі мазмұны өте маңызды. «Талаптағы нұр жауар» дейді қазақ. Яғни, шешеннің «талап қонған» дегені, Жақаңа «нұр жауған азамат» дегенді мегзейді. Ал, «қазаққа қанат» болуы «ел жүгін арқалаған азамат» дегенде аңдатса, «Арқаның асылы» деуі «Жақсының аты қалады» демекші, есімі мен еңбегі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса береді дегенді сездіреді. Өйткені, «асыл» ешқашан тозбайды, солмайды.

    Сондай-ақ, Ахметжанның өзі де осал адам емес. Бойына бес қаруын асынған ақтардың әскербасысына күш көрсете сөйлейді: «Райыңнан қайт, шешіміңді айт! Келісіп жолыңды бер, келісімге қолыңды бер!» яғни, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан аламын деп отыр. Сонымен қатар ескерту де бар: «Қайтесіңдер асыл текті, сендердің де замандарың өтті!» Осының бәрін әскербасы түсінбей отырған жоқ, сезіп, біліп отыр. Көнбеске шара жоқ, өйткені, Ахаң мықты адам, еліне арқа сүйей айтып отыр.

    Ал, Жақыптың «Әй, Талпақ-ай! Әй, Талпақ-ай!» деуі, немесе Ахметжанның «Әй, Ақбай-ай!, Әй-Ақбай-ай!» деуі, қазақи дәстүр тұрғысынан қарасақ «Құрдастың өзіне өкпе жүрсе де, сөзіне өкпе жүрмейді», замандас тұлғалардың әзілі. Бірақ, әзілдің аясында да ақиқат жатыр. Жақыптың Ахметжанды «Дұшпанды табанына салып илер еді, иісі қазақты билер еді» деп суреттеуі өті жоғары деңгейде бағалауы. Яғни, Жақаң Ахаң сондай деңгейге лайық болғаннан кейін айтып отыр. Сол тәрізді Ахаң да Жақаңды «иісі қазаққа ғана емес, орысқа да танылды» деп оның Ресей төңірегіндегі елдердің барлығына танылған ұлт қайраткері ретінде баға береді. Яғни, бұл әңгіменің, мазмұнынан үш мәселені аңғарамыз. Алғашқысы шешендік өнердің тамаша үлгісі, екіншісі тарихи дерек, үшіншісі азаматтардың тарихтағы тұлғасы.

    Талпақтың Ахметжаны туралы әңгімелерді, шешендік сөздерін Сағынбай, Бабажан, Ілияс тәрізді қариялардан естіген едік. Олардың арасында Ахаңды көзімен көргендер де бар. Мәселен, ол кісіні алғашқы көруін Әбдудің Ілиясы былайша әңгімелейді:

    «1918 жылдың күзі болатын. Әкемнің қайтыс болғанына төрт жылдан асқан еді. Шешемнің айтуымен жас та болсам, малға қарап, ағайындармен бірлесіп бағымға жіберетінмін. Заман талабына орай мал басын азайтып, елуден астам жылқы он шақты сиыр, жүзге тарта қой қалдырған едік. Күздің бір айының ішінде үш рет барымталап жылқының жартысынан көбін алып кетті. Кімдер екенін біле алмай дал болдым. Жасы үлкен ағайындармен ақылдастым. Бір жанашыр:

    - Әй, Ілияс, сен өзің біле де, таба да алмайсың. Осы өңірде жақсылығы жаннан асқан, қиналғандарға қол ұшын беретін, ел ішінің жағдайын толық білетін бір ғана адам бар. Ол – Талпақтың Ахметжаны. Саған бір көмектессе сол ғана көмек жасайды. Бірақ, ол кісі алдына барған адамды сынайды. Өтсең қуана бер, өтпесең бір дәм ішесің де қайтасың, реніш болмайды, - деді. Сонымен, немере ағам екеуіміз бармаққа бел буып, бірге аттандық.

    Күн шыға аттанған біз түс ауа қажы атаның ауылына келіп, би ағаның көрші үйіне түстік. Жағдайымызды айтқаннан кейін, үй иесі би ағаға барып, қабылдайтынын айтып келді. Сәлден кейін сәлем беріп, табылдырықтан аттадым. Аққұба өңді, ат жақты, бойшаң адам екен. Үстінде оқаланған шапан, басында тақия. Сәлемімді алған бетте:

    - Қай баласың? – деді.

    - Әбдудің баласымын, атым Ілияс, - дедім.

    - Е, Әбдуден бір жетім қалды деп естуші едім, маған келгендегі мақсатың не? – деді.

    Алдында ауылдан шыққанда үлкендердің айтқанын әбден ұғып алған мен, ойлана отырып, сұрақтарға абайлай жауап бердім.

    - Би аға, келген мақсатым сізге сәлем беру! – дедім.

    - Мақсатыңа көңілім толды, тауып сөйледің, енді тілегіңді айт!

    - Тілегім сол, сізден көмек сұрай келдім.

    Би ағаның мақтағанына көңілім көтеріліп, еркін сөйлей бастадым.

    - Көмегіңе қол ұшын берейін, шаруаңды айт!

    - Менің жетімдігімді басынып, малымды ұрлап алды, соны таптыруға жәрдем етсеңіз!

    - Ұры мықты болса жылқы ұрлайды, күпті болса сиыр ұрлайды, қартайғанда қой ұрлайды, жантайғанда астындағы көпшігін ұрлайды, не жоғалттың? – деді.

    - Жылқы – деп жауап бердім.

    - Жарайды, таптырамын, ертең кешке дейін еліңе жеткізеді, ал өзің әкең Әбдудің сыбағасын жеп қайт! – деді де, сырттан кіріп келген бір жігітке, – Мына Әбдудің ұлына бір жауыр атты жетегіне байлаңдар, - деп маған сынай қарады. Би ағаның көзқарасын түсінген мен, бірден жауап қаттым:

    - Би ағаның қолынан алған жауыр ат, жай адамнан алған тұлпардан көш ілгері емес пе? – дедім.

    - Бала болсаң да байыпты сөйлеуді үйреніп қылған екенсің, адамды семіртетін көңіл, ширататын өмір ғой, алдыңнан жарылқасын, - деп ризашылығын білдірді. Сол сәтте әлгі жігіт есікті ашып:

    - Би аға, бізде жауыр ат жоқ екен, не істеймін? – деді. Би ағаң қынжыла жауап қатты.

    - Осы күнгі жастар сөз астарын түсінбейтін болып барады. Нұрлан деген болыс таз адамды кемсіткенде Жұмыр деген шешен: «Болысеке! Ит жақсысы тазы болады, ет жақсысы қазы болады, жер жақсысы саз болады, мезгіл жақсысы жаз болады, құс жақсысы қаз болады, адам жақсысы таз болады» деген еді, менің «жауыр ат» дегенім әбден бапталған тәуір ат дегенім емес пе? Дұрысын беріңдер! – деді. Би аға мені бала деп олқысынбай барған шаруамды тындырып қайтарды».

     

     

    Әбдуов Мухаммадғали Ильясұлы,

    ф.ғ.д., профессор, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетінің деканы

     

    қайта оралу

    Новости

    2005-2022 КГУ "Шахтинская централизованная библиотечная система" Все права защищены
    +7 (7215) 65 51 59,
    +7 (7215) 65 41 73 goldorang@mail.ru
    Яндекс.Метрика GIH
    © 2014 Разработка и поддержка:
    Creatida интернет-компаниясы