Последнее обновление: 28 Февраля 2025 11:50, Просмотров (1674268), Печать
Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы, әйгілі «Тарих» еңбегінің авторы Геродот бүкіл әлемде «тарихтың атасы» ретінде қүрметтеледі. «Тарих» кітабында негізінен ежелгі Элладаның тарихы жазылганымен, сол дәуірлердегі алыс-жақын елдердің тыныс-тіршілігі туралы мәліметтер де жинақталған. Солардың бірі - ежелгі скиф тайпалары туралы деректер. Тарихшылар ондағы оқиғалар тек Геродоттың арқасында ғана сақталып, бүгінгі күнге жеткен деген пікірде. Бұл басылымға айтулы еңбектің төл тарихымызға қатысты І және IV кітаптары еніп отыр. Кітап бабалар тарихына қызығушылық танытқан барша оқырмандарға арналады.
«Қазіргі Қазақстанның рухани жаңғыруындағы қазақ философиясының рөлі мен маңызы» ғылыми жобасы ауқымында өткізілген дөңгелек үстелдің негізгі материалдары ұлт болмысындағы этикалық құндылықтардың маңызын айқындауға арналған. Жинақ гуманитарлық бағыттағы ғылым саласында қызмет ететін ғалымдар мен оқытушыларға, докторант, магистрант және студенттерге, сондай-ақ аталмыш мәселеге қызығушылық танытатын жалпы оқырман қауымға арналады.
Кітапта Адам Ата жаралғалы бері адамзат қоғамын толғандырып келе жатқан «Адам не үшін --өмір сүреді; өмірдегі мақсаты не; қайткенде бақытты болады?» деген секілді сауалдар төңірегінде ой өрбітіп, оған қоғам дамуының, білім-ғылымның бүгінгі күн биігі тұрғысынан жауаптар іздей отырып, осы үдерісте сөздің шешуші рөл атқаратындығына басты назар аударады. Адамзат баласының ғасырлар бойғы рухани дамуы барысында тілі арқылы жинақтаған асыл қазынасына, ғылым жетістіктеріне, имандылық негіздеріне сүйене отырып, адамның қалыпты жолмен жетілуінің табиғи заңдылықтарындағы сөздің психологиялық, әлеуметтік, физиологиялық, физикалық секілді аса маңызды қызметтеріне жан-жақты тоқталады. Адамның өміріндегі, тағдырындағы негізгі қозғаушы күш ретіндегі ойдың, сөздің, істің жетекшілік қызметі күнделікті тіршіліктің тәжірибелеріне негізделе отырып, жан-жақты әңгімеленеді. Кітап сөз қадірін түсінетін, денінің сау болып, өмірдегі өз орнын табу үшін алдына үлкен мақсат қойып, аңсаған арманына жетіп, бақытты өмір сүргісі келетін қалың оқырманға арналған.
Кітапта автордың әр жылдарда жазылған ғылыми-көпшілік тақырыптағы мақалалары мен эсселері топтастырылған. Оның «Ұлттық рух ұйытқысы» деп аталатын бірінші бөліміне қазақтың тарихына, тағдырына, тіліне, елдік пен ерлік дәстүрлеріне қатысты мақалалар енгізілсе, «Перзент. Парыз. Пайым» атты екінші бөлім көрнекті мемлекет, қоғам, әдебиет, өнер қайраткерлері, сондай-ақ замандастар бейнесі туралы жазбаларды қамтиды. Ал «Түркі тұғыры» атты үшінші бөлім туыстас түркі халықтарының ұлы тұлғалары мен өзара рухани байланыстарының төркінін саралайтын туындылардан құралған. Жинақ қазақ елінің бүгіні мен болашағын зерделейтін оқырман қауымға арналған.
Аталған кітапта Моңғолия қазақтарының сыбызғышылық өнері туралы қарастырылады. Соның ішінде Баян-Өлгий (Тұлба-Делүүн, Бұла Бұлғын өңірлері мен кеуде жақ қазақтары) сыбызғышыларының өмірі мен шығармашылғы туралы кеңінен баяндалады. Сонымен қатар Баян-Өлкедегі күй, музыка өнеріне қатысты материалдар топтастырылған. Кітап қалың көпшілікке, музыка тарихын зерттеушілерге арналған.