27 сәуір күні Бұқар Жырау атындағы орталық қалалық кітапханада 1 мамыр мерекесіне орай «Ынтымағы жарасқан туған өлкем - Қазақстан» атты іс-шара өтті. Оқырман тобы: 16 мектеп-лицей, 9 «Б» сынып.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері Қазақстан Республикасында қазіргі таңда 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар тұратынын, тарих көшінің белгілі бір кезеңінде тағдыр тауқыметін арқалап, солақай саясаттың құрбанына айналып, елімізге келіп қоныстанған ұлттар мен ұлыстар үшін қазақ жері киелі алтын бесікке айналғанын айтып өтті. Шара барысында өлең оқылып, бейнеклиптер көрсетіліп, ойындар ойнатылды. Оқушылар қойылған сұрақтарға белсене жауап беріп, іс-шараның қызықты өтуіне ат салысып отырды. Бейнероликпен көрсетілген «Туған елім» әнін оқушылар қосыла шырқап, туған өлкеге деген сүйіспеншілігі мен зор мақтанышын көрсетті.
«Бұл күн - әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі» деп сөзін аяқтады кітапхана қызметкері.