Последнее обновление: 11 Мая 2024 14:37, Просмотров (1202626), Печать
Белгілі жазушы Әділбек Ыбырайымұлының «Ақылға атой» романы бүгінгі күнгі тыныс-тіршілікті суреттейді. Шығарма оқиғасы шиырлы әрі қазіргі заманғы кейіпкерлердің бейнесі сомдалған. Америкалық астронавт ғұлама Абайдың философиялық ойларын оқығанда, хакімнің жан дүниесіне ерекше құлқы ауады. Сонымен қатар, туындыда ұрпақты ұлт тарихына, құндылықтарына үлкен мән беруге үндейді. Орыстанған, ана тілін білмейтін ғалым қазақ жігітінің де ғылыми еңбектері мен тағдыры тартымды суреттелген. Жеке басының мүддесін көздеген ше- телдік инвесторлардың қам-қаракеті де нанымды бейнеленген. Романда қоғамның атрибутына айналған дін мәселесі де көркем түрде жазылған. Жалпы, романның оқиғасы қызық, тілі шұрайлы. Тосын байлам, шешімімен оқырманға түрлі ой салады.
Жазушы Жұмабай Шаштайұлының толық шығармалар жинағының үшінші томына соцреализмге бой алдырмай малшының машақатқа толы ауыр тіршілігі мен жастардың қажыркайратын суреттеген «Қызыл қар» романы еніп отыр. Ең алғаш 1984 жылы повесть болып жарық көріп, «репрессияға ұшыраған» шығарма отыз жылдан кейін қайта жазылып, романға айналды. Сондай-ақ бұл томға атакәсіптің бейнетін белшесінен кешкен қазақтар, жаңа-жаңа қалаға ірге теуіп, үлкен мұрат көздеген болашак зиялы қауым өкілдері суреттелетін «Замана илеуі» романы да еніп отыр. Ұлтсызданудың қайшылықтары барысында адамдардың өздерін қалай ұстауы, ұрпақ алмасу кезіндегі жағдаяттары, қаһармандар ой-сезімдері шынайы жазылған. Шығарма қалың оқырманға арналады.
Белгілі өзбек жазушысы Насыр Фазыл- өзбек пен қазаққа ортақ жазушы. Өйткені оның өзі де, шығармалары да қазақ халқымен тағдырлас, тамырлас. Оның қазақ қаламгерлері туралы жазуының астарында туыстық, бауырмалдық, достық жайлы тебіреністері әдебиет пен өнердегі байланыспен қауышып жатады. Сондай-ақ екі елді тел емген жазушының жазбалары арқылы өзбек жазушылары жайында да көптеген мәліметтерге қанығуға болады. Шығармалары қатып қалған қасаң, ресми тілмен емес, қарапайым өткір әзіл және жеңіл юморлармен әдептеліп, кезектесіп әдемі өрім табады.
Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Болат Үсенбаевтың бұл кітабы - соңғы төрт-бес жылдағы шығармашылық жемісі. Жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген қаламгер оралымды ой, тегеурінді түйін, нәзік сезімге құрылған лирикалары арқылы адам жанының жұмбақ қырларын тап басып, ойтолғаныстарын әдемі мәнермен жеткізеді. Өмір, тіршілік, уақыт иірімдері, замандастар тағдыры - ақын поэзиясының алтын арқауы.
Белгілі қаламгердің жаңа жинағына хикаяттары мен әңгімелері топтастырылған. "Қырмандағы қара торғай" хикаятында қайта құру мен колхоз-совхозды тарату кезеңіндегі ауыл адамдарының көңілкүйі ерекше бейнеленсе, "Дүрбі" хикаятында социалистік қоғамдағы қазақ жұмысшысының көрген қиянаты мен болашаққа деген үміті шынайы суреттеледі. Сондай-ақ "Артық бұтақ", "Темір аяқ", "Өмір ғой", т.б. әңгімелерінде тәуесліздік кезеңіндегі өмір құбылыстары мен ана тіліміздің қиын түйіндері алға қойылып, көркем образдар сомдалады. Жинақтағы шығармалар мазмұндылығымен және жаңалығымен ерекшеленеді, бүгінгі күн мәселелерін алға қойып, суреткерлік шеберлігін танытқан.